Ауылдық және қалалық ҮЕҰ-ларға тиісті жағдай жасау қажет -Нығматулин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандарттарына айрықша назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауылдағы үкіметтік емес ұйымдар мен ірі қалалардағы ұйымдар деңгейінің айырмашылығы бар екеніне баса көңіл бөлген Н. Нығматулин, арнайы конкурстарда ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың грантты да, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты да жеңіп алуы қиын екенін атап өтті.

«Шынында да   әлеуметтік стандарттар дайындалған кезде міндетті түрде  ауылдың жағдайын ескеру керек.  Себебі ауылдың да, қаланың да өз ерекшелігі бар. Сондықтан  стандарттарды енгізгенде осы ерекшеліктерге қарай тиісті жағдай жасау қажет. Осындай заң жобасын қараған кезде, оны ұмытпау керек», - деді Мәжіліс Төрағасы.

Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады.  Бұл заң жобасының мақсаты мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.