Ауылдық жердегі 12 аурухана күрделі жөндеуден өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы мамандандырылған медициналық көмекпен қосымша 2,4 млн астам ауыл тұрғыны қамтамасыз етіледі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қорытынды алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ажар Ғиният осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл ұлттық жобаның шеңберінде 309 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу көзделген. «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ ірі қалаларға бармай-ақ телемедицина және басқа да мамандандырылған жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын 12 ауданаралық орталық ауруханада күрделі жөндеу және реконструкция жұмыстары басталады», - деді министр.

Сонымен қатар, ұлттық жобада аудандық мекемелерді 575 заманауи медициналық жабдықпен жабдықтау көзделген.

«307 медицина қызметкері, оның ішінде 54 жалпы практика дәрігері, 253 орта медицина қызметкері даярланады. Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2023 жылы мамандандырылған медициналық көмекпен қосымша 2,4 млн астам ауыл тұрғыны қамтамасыз етіледі», - деді Ажар Ғиният.