Ауылдық жерлерде Интернетке қызығушылықты арттыру керек - С. Әйімбетов

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - ауылдық жерлерде Интернетке қызығушылықты арттыру керек. Бүгін Парламент Мәжілісінде ақпараттық коммуникация технологиялары саласын дамыту қорытындылары тақырыбында өткен Үкімет сағатында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осындай пікір білдірді.

Өз сөзінде депутат С. Әйімбетов министрліктің деректеріне сүйене отырып, 2011 жылы Интернетті пайдаланушылардың саны 100 тұрғынға шаққанда 53-тен келгенін, бұл 8,7 млн. адамды құрағанын айтты. «Алайда, осы көрсеткіштің небары 30 пайызын ғана ауылдық жерлердегі Интернетті пайдаланушылар құрайды.Осыған байланысты ауылды сапалы байланыспен қамтамасыз ету проблемасы әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.  Депутаттар тарапынан бұл мәселе әрдайым айтылып келеді. Ауылдық жердегі тұрғындардың табысы  қалада тұратындардың табысынан едәуір аз екенін ескере отырып,  ауылдық Интернетке қызығушылықты арттыру керек деп ойлаймыз», - деді С. Әйәмбетов.

Оның пайымдауынша, егер жергілікті жерлерде Интернетті қосу мен пайдалануды «жағдай көтеретін» болса, онда ауылдың әрбір тұрғыны «озық» компьютерді сатып алуға  мүмкіншілік алар еді. Бұл - 7 млн. 520 мың 700 ауыл тұрғындарын білдіреді.

«Сондықтан ауылдық жерлерде Интернеттің тарифтерін қайта баланстау, Интернетке кіру пункттерін, сымсыз байланысты, флеш-карталарды енгізу арқылы  селоларды ақпараттық-коммуникациялық жағынан қамтамасыз ету жөніндегі қатынастарды күшейту керек»,- деді С. Әйімбетов.