СҚО көпсалалы балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Аймановтың айтуынша, Президент Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын олар бүгін ұжым болып тыңдаған. Денсаулық саласына бұл жолы да баса назар аударылды.
«Ең алдымен Мемлекет басшысы медицинадағы мәселелерді тізбектеп өтті. Ол – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, соның ішінде пакеттерді бөлуге, қаржыландырудың жеткіліксіздігіне қатысты. Салымшылар ай сайын медициналық сақтандыруды төлейді, бірақ кей мәселе сол күйі қалып отыр. Кей медициналық қызметтердің қолжетімсіздігі әсіресе ауылдық жерлерде анық байқалады. Бізге осы олқылықтарды жою үшін Президенттің Үкіметке қордың жұмысын қайта қарауға тапсырма бергені ұнады. Биылғы Жолдаудың екінші ұнаған жері – келесі жылдан бастап ауылдық медицинаны дамытуға екпін берілмек. Қазіргі уақытта елді мекендерде медициналық нысандар және кадрлар да жетіспейді. Қажетті қондырғылар да жоқтың қасы. Алда 600-ден астам медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынбақ. Әрине, олардың барлығы заманауи қондырғылармен қамтылады. Медициналық кадрлар жетіспеушілігі проблемасы резидентураға түсетіндердің санын 70 % ұлғайту арқылы шешілмек. Егер медициналық жоғары оқу орындары Мемлекет басшысының тапсырмасына сай келесі жылдан бастап резидентура санын арттыратын болса, алдағы 2-3 жылда тар ауқымды мамандарға қажеттілік жойылады», - дейді Нұрлан Айманов.
СҚО-да қазіргі уақытта маман жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр, 300-ге жуық медицина қызметкері керек.
Бас дәрігердің айтуынша, облыстық көпсалалы балалар ауруханасына ғана 29 маман қажет. Биыл мекеме қыркүйек айының соңына дейін 14 дәрігерді қабылдамақ.
Оның барлығы - белгілі бір саланың мамандары.
«Жолдаудың мазмұнына көңілім толды. Енді оны Үкімет министрліктермен және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ барлық сала мамандарымен жүзеге асыратын болса, онда медицина шын мәнінде алға қадам басады. Ол үшін біздің тарапымыздан не керек, ең алдымен адамшылық қарым-қатынас, біліктілік қажет. Жалпы қазіргі мәселелердің барлығы қаржыландыру саясаты дұрыс болғанда шешілмек. Қазір еліміздегі барлық емдеу мекемелері міндетті медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылғандық олар күндерін әзер көріп отыр. Өйткені қор мониторинг және аудит жүргізу арқылы емделгендерді нақтылап барып қана бюджет бөледі. Бұл қаржының 80 % - еңбекақыны төлеуге кетеді, өйткені медицина қызметкерлерінің еңбекақысы соңғы екі жылда шамамен 50 % ұлғайтылды және жаңа жылда 30 дәрігер мен 20 медбибіге қайта өсіреміз. Қалған 20 % коммуналдық ақыны және тауарлар мен қызметтерді төлеуге, келісімшарттық міндеттемелерді орындауға жұмсалады. Яғни осыдан-ақ медициналық мекемені дамыту туралы айтып та қажет емес. Сондықтан қазіргі жағдайды өзгерткен жағдайда ғана біздің сырқаттарымыз оң өзгерістерді көре алады», - дейді Нұрлан Айманов.