«Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» акциясы - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жақсы тарту - Н.Назарбаев

None
nbsp;АҚТӨБЕ. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Мирал Жармұхамбетов/ - Ақтөбе облысына жұмыс сапарының соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде: «Мен жұмыс сапарының қорытындыларына ризамын. Ақтөбе облысында жылдың 8 айында өнім шығару 30 пайызға өскен, бұл елдегі жақсы көрсеткіш. Жеделдете индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жақсы орындалуда. Ақтөбелік жастардың «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» патриоттық акциясы - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жақсы тарту және ақтөбеліктердің тәжірибесін бүкіл елде тарату керек», - деді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген Орталық мәдениет және демалыс саябағына барды. Саябақ енді ҚР Тұңғыш Президентінің есімімен аталады.

Саябақты қайта жаңарту жұмыстарына 1025 млн. теңге жұмсалды. Жалпы аумағы 42 гектарды алып жатқан саябақ өзгеріп кеткен, оның алаңқайлары көпжылдық жасыл шөптермен көмкеріліп, қылқан жапырақты және жапырақты ағаш түрлері отырғызылған, гүлзарлар, гүл бақтары, түрлі-түсті тақтайтастардан жасалған жаяу жүргіншілер жолдары көз қызықтырады.

Саябақта балалар мен ересектердің алаңсыз демалуына барлық жағдайлар жасалған, түрлі аттракциондар, экстремальдық және дәстүрлі спорт түрлерімен айналысу құрылғылары да баршылық.

Одан кейін, Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбенің жаңа көз тартар жері - жақында ғана жөндеуден өткен саябақтың орталық бөлігіндегі қорғандағы Қазақстан Республикасының туы желбіреп тұрған биіктігі 91 метрлік тутұғырды көрді. Оның тұғырында еліміздің Мемлекеттік рәміздері бейнеленген.

Облыстағы бірегей тутұғырдың биіктігінің арқасында елдің мемлекеттік рәміздерінің бірі - Ту тек қаланың алыс түкпірлерінен ғана көрініп тұрмай, оның қала сыртынан да менмұндалап тұрады.