Ауылдың жас кәсіпкері мың қазды баптап өсіріп отыр - Қызылорда облысы

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Балапан қаздар Ақсу ауылындағы «Сыр-Арна» фермерлік қожалы­ғына биыл мамыр айында әкелініпті. Аз уақыт өткеніне қарамастан маң басқан бала қаздар жерсініп үлгірген. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Жалағаш аудандық әкімдігіне сілтеме жасап хабарлады.

Жалпы елу гектар алқапты алып жатқан құс фермасы құрылысының бүгінде бірінші кезеңі аяқталып, төрт қызметкер тұрақты түрде жұмыс жасап жатыр. «Сыр-Арна» ЖШС құс фермасының басшысы Дәулет Сәруардың айтуынша, кешен толық іске қосылғанда, тоғыз жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл азаматтарының бірқатарын жұмыспен қамтымақ.

Бүгінде «Сыр-Арна» ЖШС-нің құс фермасында Павлодар облысынан әкелінген мың бас қаз өсірілуде. Алдағы уақытта бұл балапан қаздардың еті, жүні, бауыры сатылымға шығарылмақ.

Бұл кәсіп түрі аймақ бойынша алғашқы рет қолған алынған бірегей жоба. Жобаны жүзеге асырып отырған жас жігіттің мақсаты - аймақ экономикасының дамуына өз үлесін қосу. Сонымен бірге, бүгінгі таңда нарық талабына сай құс еті және жұмыртқасы ерекше сұранысқа ие болып отыр. Демек бұл  кәсіптің оң нәтиже беретініне сенім мол.

Өңірімізде құс етін өңдейтін серіктестіктер жоқтың қасы. Балапан қазды баптауға аса мұқияттылық та қажет емес. Тек уақтылы жем-шөбін беріп отырсаңыз болғаны. Шаруа басындағы мамандардың сөзінше, қаздардың сүйіп жейтін жемі - жоңышқа мен бидай. Мұны да «Сыр-Арна» ЖШС қолға алған. Мамыр айында әкелінген балапан қаздар әзірше өнім берген жоқ.

Бұл құстардың ерекшелігі сол, ақпан мен мамыр айларының арасында жұмыртқалайды екен. Әр қаз айына 30 жұмыртқа табады. Бір ғана қаздан жұртқа жұмсақ ет пен мамық жастық жасау идеясы өңірімізге тың серпін беретіні сөзсіз. Қаздардың салмағы 7-8 келіні құрайды. Жоба толық қуатына көшсе, жылына 12 тонна қаз еті, 400 кг қаз жүні және 300 кг бұқтырылған қаз бауырынан жасалған консерві жасамақ ниетте.