***
«Уақыт өткен сайын мамандық таңдау машақатқа айналып барады. Оның үстіне сапалы білім беретін білім ордасын бірден анықтау оңай емес. Әсіресе, ауыл баласы үшін қандай мамандық тиімді?» деп жазады "Айқын" бүгінгі санындағы "Ауылға қандай маман керек" атты мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, шын мәнінде, ертеңгі нәпақаны оңай табудың жолы кәсіптік білім алу екендігін түсінуге болады. Осы мәселе бойынша Сырдария аграрлы-техникалық колледжiнің директоры Дархан Қожахметовтің ой-пікірі берілген.
Оның айтуынша, Елбасының бастамасымен кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе - дуалды оқыту әдісі енгізіліп жатыр. Оның ерекшелігі мен тиімділігі зор. Оқушы оқу орнында және өңдіріс орнында қатар оқиды. Дуалды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Себебі теория мен тәжірбиені ұштастыру нәтижесінде, оқушы оқу бағдарламасын жақсы меңгереді, нағыз маман болып шығады. Демек, жұмыс берушілердің сұранысы мен талабына сай кәсіптік-техникалық кадрлар даярлайтын боламыз. Сонымен қатар дуалды оқыту нәтижесінде білім беру мекемелерінің ғана емес, жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігі артады. Колледж түлектері осы өндірістік тәжірибе арқылы өзінің жанжақты қабілетін көрсетіп, келешектегі жұмыс орнын алдын ала дайындауға мүмкіндік алса, жұмыс берушілер білікті, бәсекеге қабілетті жас мамандарды ертерек таңдау мүмкіндігіне ие болады.
Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында техникалық және кәсіптік білім берудің дуалды технологияға негізделген қазақстандық жүйесін қалыптастыру тапсырмасына сәйкес, техникалық және кәсіптік білім беруге дуалды оқыту технологиясының элементтерін енгізу мақсатында «техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» АҚ-пен, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып жұмыстар жасалуда.
***
2009 жылға дейін еліміздегі алтын өндіруші компаниялар өз өнімдерін шетел компанияларына сатып келді, ал Ұлттық банк алтынды шетелден нарықтық бағамен АҚШ долларына сатып алып отырды. Бұл туралы "Айқын" газетінің бүгінгі санындағы "Тығын мен шығын" атты мақалада жазылған.
Басылымның атап өтуінше, ол кезде алтынды сату мен сатып алудың құқықтық тетіктері заң жүзінде бекітілмеген еді. Елбасымыздың арнайы Жарлығымен Ұлттық банк елімізде шығарылатын алтынды сатып алуға мүмкіншілік алды. Мемлекет пайдасын арттыру мақсатында Ұлттық банк арнайы заңның керектігі туралы ұсыныс жасады. Ұсыныс бойынша оң шешім қабылданды.
Осылайша алтын саудасы саласында тараптар (отандық алтын өндіруші компаниялар - Ұлттық банк - шетелдік компаниялар) үшін өзара тиімді, пайдалы жүйеге қол жетті. Нәтижесінде, отандық алтын өндіруші компаниялар сатуға шығаратын алтындарын алдымен Ұлттық банктің ұлттық валютаға сатып алуына ұсынды, әлемдік рынок кеңістігіне содан кейін шығаратын болды. Ұлттық банк өзінің алтын-валюта қорларын ішкі ресурстарды пайдалану арқылы толықтыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл болашақта қажетті қаржы құралдарын енгізу арқылы ұлттық валютаға деген сенімділікті нығайтуға, ел экономикасында АҚШ долларының қолданылуын белгілі бір жүйеде реттеуге қолайлы жағдай жасауға негіз болды. Отандық қаржы жүйесінде аса маңызды жетістік болып табылатын бұл шара нарыққа әсер ететін факторлардың біршама тұрақтылығы жағдайында жүзеге асырылды.
Шетелде орналасқан алтынды елге әкелу, алтынмен қамтамасыздандырылған құнды қағаздарды (алтын нота) шығару және ипотекалық қарыздарды АҚШ долларынан теңгеге жоғарыда көрсетілген жолмен ауыстыру а) экономикамыздың долларлануының негізгі себептерінің бірін жояды, ә) әлемдік экономикадағы қолайсыз ахуал жағдайында әрбір қазақстандықтың кірістерін қорғауға қосымша мүмкіндік береді.
Қаржы саласындағы көкейкесті мәселелер туралы айтылған ойлар экономиканы қажетті ақша ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлі ақша-кредит саясатының жаңа жүйесін әзірлеуде пайдалы. Әрине, бұл жерде Елбасының: «Кеше әлі ерте болған, ал ертең кеш болып қалуы мүмкін сәттер болады» деген дәйекті ескертуі есте тұруы шарт.
***
Қазіргі күні көптеген экономистер әлемде жаңа үлкен дағдарыс толқыны орын алуы мүмкін деген қауіпті болжамдар білдіруде. Олар оның бірқатар белгілерін АҚШ экономикасында қазіргі қалыптаса бастаған жағдайға қарап аңғаратындықтарын айтады, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Тұтынушылық пиғыл тақырға отырғызады" атты мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің бұрынғы басшысы Алан Гринспен бұл ел экономикасы қиын жағдайда тұрғандығын жеткізді. Федералдық резервтік жүйенің қазіргі басшысы Джанет Йелленге қарағанда ол еңбек рыногының қысқаруымен қатар жүріп жатқан АҚШ-тағы экономика өсімі ерте ме, кеш пе, әйтеуір инфляцияның басталуына алып келеді деп санайды. «Қазіргі кезеңде біз көпшіліктің күтіп отырғанына қарағанда әлдеқайда ертерек инфляцияға тап болатын боламыз. Өйткені, қаржы рыногына қысым қазірдің өзінде басталып кетті», деп ескертті ол.
Сөйтіп, америкалық дефициттің есебінен профицит пайда болады. Бұл ақыр аяғында бүкіл әлем үшін қисық дамудың өріс алуына алып келеді. Өйткені, енді бүкіл әлем үшін борыштардың шектен тыс көлемде өсуі арқылы ғана шешілуі мүмкін аса ірі көлемдегі теңгерімсіздік орнайды. Ал ол ақыр аяғында дағдарысқа алып келетін болады. Біз қазір доллар ендігі кезекте АҚШ үшін басты артықшылық қана емес, сонымен қатар, үлкен ауыртпалыққа айналатын шекке дейін жеттік. Өйткені, әлем АҚШ-та қаржы тапшылығының орын алуын талап етіп отыр. Әйтпеген жағдайда, басқа елдер өздерінің валюталық қорларын қалыптастыра алмайтын болады. Сонымен, алда келе жатқан үлкен дағдарыстан АҚШ құтыла ала ма? Әлем экономикасының жағдайы осыған байланысты болады деп есептейді көптеген экономистер.
***
«Экспресс К» газетінің жазуынша, Қазақстан семіз адамдардың үлесі бойынша Орталық Азияда бірінші орында тұр. Мақала «Ложитесь жрать, пожалуйста» деген тақырыппен берілген. Мақалада атап өтілгендей, ел азаматтарының 40%-дан астамы қалыптан едәуір жоғары салмақта екен. Оның басты себебі дұрыс тамақтанбау және қозғалыссыз өмір сүру салты. Енді 15 жылдан кейін Қазақстан қант диабеті бойынша әлемдік көшбасшы болуы мүмкін. Бұл дертке қазіргі кезде 290 мың адам шалдыққан. Былтыр 16 мың адам тіркеуге тұрғызылған. «Қазақстан халқының жартысы салауатты өмір салтын ұстанбайды. Олар майлы ет пен бутербродтарды есепсіз жейді. Оның артынан тәтті газдалған сусын немесе қант қосқан шай ішеді. Диабеттің ең сенімді серіктері - қант, шамадан тыс көмірсулар, судың аз пайдаланылуы және диван. Қараңыздаршы, бізде салмағы артық балалар қалай көп! Сондықтан тамақтану әдебін өзгертетін кез жетті. Оны балабақшадан бастау қажет. Ұлтымызды семіздік дертінен көкөніс, жеміс, су және спорт қана құтқарады», - дейді медицина ғылымдарының кандидаты Жанай Ақанов.