Ауылмен салыстырғанда қалалық жердегі жағдай неғұрлым орнықты- Статистика агенттігі

АСТАНА. Желтоқсанның 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ауылмен салыстырғанда қалалық жердегі жағдай неғұрлым орнықты. ҚР Статистика агенттігінің кедейлік деңгейіне байланысты жүргізген зерттеулері осыны көрсетіп отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«12 мың үй шаруашылығын іріктеп зерттеу нәтижелері бойынша табысы ең төменгі күнкөріс шамасынан төмен үй шаруашылықтарының үлесі  ағымдағы жылғы 3 тоқсанда 10,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2008 жылғы тиісті деңгейден 5,7 пайыздық тармаққа төмен. Есепті жылдың ішіндегі кедейліктің тоқсандық көрсеткіштеріне тән ауытқуларға қарамастан, ағымдағы жылғы 3-і тоқсанда тіркелген кедейлік деңгейінің төмендеу қарқыны 2007-2008 жылдардағы тиісті кезеңдерде қалыптасқан жағдайдан ерекшеленеді. 2007-2008 жылдардағы тиісті кезеңдерде кедейлік деңгейінің өсуі, бірінші кезекте ауылдық жерлердегі тұтынуға пайдаланылған табыстар деңгейінің төмендеуімен байланысты болған. 2009 жылғы қала мен ауыл бөлінісіндегі кедейліктің деңгейін қарастыра отырып, ауылмен салыстырғанда қалалық жердегі неғұрлым орнықты жағдайды атап өтуге болады», делінген агенттік таратқан баспасөз парағында.

Мәліметтерге сүйенсек, егер ауылда 3 тоқсандағы кедейлік деңгейі ағымдағы жылғы өткен кезеңмен салыстырғанда 9 пайыздық тармаққа төмендесе, қалада - тек 2,2 пайыздық тармаққа төмендеген.