Ауылшаруашылық жерлерін қолдану бойынша бақылау күшейеді
Комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Жер кодексінің нормаларын түсіндіру және талқылау, сондай-ақ ұсыныстар әзірлеу үшін құрылды. Құжатта жалпы ереже, міндет, комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі сондай-ақ, құрамы бекітілген.
Сол жылдың тамыз айында комиссия отырысының күн тәртібіндегі мәселе дауысқа салынған еді. Соның нәтижесінде комиссия ұсынысы Елбасыға жолданды.
Жер реформасы бойынша Комиссияның жер заңнамасын жетілдіру жөніндегі дайындалған ұсыныстарына сәйкес, Жер кодексіне келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылады:
1. Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтау және жетілдіру;
2. Қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шектеу (ең жоғары) мөлшерін белгілеу;
3. Шекара маңындағы аймақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін берудің талаптарын қатаңдату;
4. Халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, елді мекендер маңындағы жайылымдардың алаңдарын анықтау.
Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институты сақталады. Оған қоса, ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстық негізде жалға берудің жаңа тәртібі енгізіледі.
Жариялылық пен барлық потенциалды қатысушыларға бірдей ақрпарат беру мақсатында конкурс туралы ақпарат БАҚ-да, әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурстерінде жариялау қарастырылады.
Конкурстың жеңімпазын анықтайтын конкурстық комиссияның құрамына қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдері қатысады. Олар комиссия мүшелерінің жалпы санының 50 % астамын құрайды.
Конкурсқа қатысудың міндетті шартының бірі - ретінде конкурстық ұсынымды беру. Атап айтқанда:
- ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің бизнес-жоспары;
- шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру бойынша міндеттемелер;
- жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелер;
- өңірдің мамандануына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының егу алаңдарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау бойынша міндеттемелер;
Бұл талаптар жалға алынатын жерді ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында белгіленіп отыр.
Берілетін жерлердің ұтымды пайдаланылуын тексеру мақсатында, заң жобасымен тұрақты мониторинг жүргізіледі: жалға алудың алғашқы 5 жылында - жыл сайын, келесі кезеңдерде суармалы егістікте әрбір 3 жылда, тәлімдік жерде - әр 5 жылда мониторинг жүргізіліп отырады. Осы жерлер мамандардың тұрақты бақылауында болады.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен мөлшерін «бір қолға» беруге жол бермеу мақсатында, заң жобасымен қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғары мөлшерін алқаптар бойынша республика, облыс және әкімшілік аудандар шегінде белгілеу қарастырылады.
Ауыл тұрғындарының мал жаюы үшін жайылымдық алқаптардың жетіспеу проблемасын шешу мақсатында заң жобасымен елді-мекендер маңында тұрғындардың жеке малдарын ұстау бойынша мұқтаждарын қанағаттандыру үшін қажетті жайылымдардың көлемдері анықталатын болады.
Сонымен қатар, жер комиссисының статусын анықтау, жер учаскесінің бөлінуі, елді-мекен жерлеріндегі жер учаскелерінің нысаналы мақсатын ауыстыру сияқты мәселелерді қамту мақсатында Жер кодексінің нормаларын жетілдіру қарастырылады.