Жинаққа «Ауыл» партиясының «Ауылым - алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсына қатысқан 2013 қаламгердің шығармалары «поэзия, проза, драма» жанрлары бойынша енген.
Бұған дейін 2016 жылы конкурсқа қабылданған 219 шығарма да топтастырылып, «Алтын тұғыр» атауымен 3 томдық жинақ басылып шыққан болатын.
Ресми жиынды ашқан «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев байқауға қатысушылардың, әсіресе жас қаламгерлердің жылдан жылға көбейіп келе жатқанын атап өтті және биылғы конкурсқа бірқатар өзгерістер енгенін жеткізді.
«Ауыл - жалпы қазақ баласы үшін қасиетті ұғым. Сондықтан да, әр оқырманның жүрегіне жылылық ұялататын ауыл тақырыбы қазақ әдебиеті үшін өзектілігін жоймас өміршең тақырыптардың бірі. Биыл конкурс аясын кеңейтпек ойымыз бар. Қоғам өкілдерінің, «Ауыл» партиясы филиалдарының өтініші бойынша байқауға тек қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де шығармалар қабылдауды ұйғардық. Яғни, 2018 жылғы конкурсқа орыстілді қаламгерлер де ауыл тақырыбындағы шығармаларымен қатысып, бақтарын сынай алады», - деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.
Сонымен қатар, қазылар алқасының жұмысын оңтайландыру мақсатында, шығармаларды онлайн түрде бағалау мүмкіндігі ұсынылып отыр. Ауыл партиясының сайтында қазылар алқасы әр шығармаға пікір жазып қалдыра алады.
Одан бөлек, Әдебиет порталымен әріптестікте «Ауылым - алтын тұғырым» жобасы аясында 18 жасқа толмаған жас қаламгерлер арасында "Эссе жазып үйренейік" атты арнайы жүлде жарияланған. Мұнда «Әдебиет порталы» редакциясы оқушылармен әдістемелік жұмыс жүргізіп, жыл соңында жеңімпаздарды анықтайды.
Әдеби жинақтың биылғы тиражы - 1000 дана. Кітаптар «Ауыл» партиясының филиалдары арқылы еліміздің түпкір-түпкіріндегі кітапханаларға таратылады.
Айта кетейік, «Ауылым - алтын тұғырым» әдеби конкурсына қатысушылардың шығармалары жыл бойы adebiportal.kz порталы және auyl.kz. сайтында қабылданады. Конкурс онлайн болғандықтан, оған шет мемлекеттердегі қандастарымыз және шетелде білім алып жатқан жас қаламгерлер де қатыса алады.
Конкурсқа қатысу үшін жасы 17-45 жас аралығындағы қаламгерлер проза, поэзия, драматургия жанрлары бойынша өз шығармаларын ұсына алады. Үш жанр бойынша озық деп танылған шығармалардың авторлары дәстүрлі «Алтын тұғыр» сыйлығын алады. Жүлде қоры шамамен 5 млн теңгені құрайды.
Номинациялар бойынша төмендегідей жүлде қоры тағайындалады «Ауыл тақырыбына арналған үздік проза» (эссе, әңгіме, повесть); «Ауыл тақырыбына арналған үздік поэзия» (өлең, баллада, поэма); «Ауыл тақырыбына арналған үздік драматургия» номинациялары бойынша 1-орын 500 000 теңге; 2-орын 300 000 теңге; 3-орын 200 000 теңге. Қосымша 10 үздік қаламгерге 100 мың теңгеден арнайы жүлделер тағайындалады.
Конкурс қорытындысы 2018 жылы 1 желтоқсанда шығарылады.