НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ерасыл Сәулебеков жасөспірімдер арасында Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан мәлім еткендей, Ерасыл 67 келіге дейінгі салмақта үздік шықты.
Қазақстандық спортшы қоссайыс қорытындысында 281 келіні (123 158) бағындырды.
Түркиялық Алааддин Саин 278 келімен (121 157) екінші, поляк Бартош Бурски 269 келімен (116 153) үшінші орынға көтерілді.
Тағы бір қазақстандық Дарья Балабаюк 49 келіге дейінгі салмақта жұлқа көтеруден қола медальға қол жеткізді. Дегенмен ол қоссайыс қорытындысында 152 келімен (69 83) төртінші орынға табан тіреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).