НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық спортшы Раушан Мешітханова Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Раушан Мешітханова 81 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Ол қоссайыстың нәтижесімен 205 келіні бағындырды. Айта кетерлігі, ол серпуде өз салмағында ең үздік көрсеткішке қол жеткізген еді.
Бүгінгі күнге дейін Қазақстан құрамасы қоржынына үш медаль түсті. Азия чемпионатында Арли Чонтей (55 келі) мен Денис Уланов (81 келі) та үшінші орын алған болатын.
Сондай-ақ, бұған дейін Зульфия Чишанло (55 келі), Карина Горичева (64 келі) және Илья Ильин (96 келі) медальден құр қалды. Ал 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов (89 келі) алған жарақатына байланысты жарысқа қатысқан жоқ.
Азия чемпионаты 28 сәуірде мәресіне жетеді. Дүбірлі додада 2020 жылғы Олимпиадаға жолдамалар беріледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.