Ауыр атлет Сәуле Сәдуақасова Фучжоуда қола медаль жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық спортшы Сәуле Сәдуақасова (63 келі) 21-23 қыркүйек аралығында Қытайдың Фучжоу қаласында өтіп жатқан Халықаралық ауыр атлетика федерациясының Гран-приінде қола медальді жеңіп алды.

Қоссайыс бойынша біздің спортшымыз 208 келі көтерді. Жұлқа көтеруде Сәуле 90 келіні оңай көтерді, алайда оның салмақты 95 келіге дейін көтерудің екі талпынысынан нәтиже шықпады. Есесіне отандасымыз серпе көтерудің үш мүмкіндігін де табысты пайдалана алады. Үздік нәтижесі - 118 келі, деп хабарлады Қазақстан ауыр атлетикасы федерациясының баспасөз қызметінен.

Бірінші орынды Қытай спортшысы Чень Гумин (Chen Guiming) (235 келі) жеңіп алса, екінші орынды ресейлік Наталья Хлесткина (220 келі) иеленді.