Ауыр атлетика: Арли Чонтей Азия чемпионатында қола алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында өтетін ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Арли Чонтей (55 келі) қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: instagram.com/wf_rk
Қазақстандық спортшы жұлқи көтеру сайысында 117 келі зілтемірді төбесіне көтерді. Осылайша көш басына тұрған еді.
Серпе көтеруде қарсыластарына есе жіберіп қойды. Небәрі 141 келіні көтеріп, салдарынан 4-орынды місе тұтты.
Қоссайыс нəтижесінде ол 258 келіні бағындырып, үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, Арли Чонтей былтыр Бахрейн астанасы Манамада өткен құрлықтық додада күміс медаль еншіледі. Ал 2020 жылғы Ташкенттегі Азия чемпионатында бас жүлде алды.
Сондай-ақ, ел құрамасынан Айнұр Әбдіқалықова алтыншы орын алды.
Құрлықтық додада 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынады.
Енді ертең, 6 мамырда Өтепберген Әлиев (61 келі) пен Екатерина Алякина (55 келі) жарыс жолына шығады.
Азия чемпионаты 5 және 13 мамыр аралығында өткізіледі.
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.