Ауыр атлетика: Екі қазақстандық спортшы Азия чемпионы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландта Ауыр атлетикадан 17 және 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтуде.

69 келіге дейінгі салмақта 18 жасар қазақстандық зілтемірші Альберт Линдер жалпы көлемі 298 келі (132 166) салмақты бағындырып, жастар арасында үздік атанды. Тағы бір отандасымыз 62 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Әділбек Балхаев 269 келі (122 147) көтеріп, төртінші орынға ие болды.

17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында да Қазақстан құрамасының балғын спортшылары өздерін жақсы қырынан көрсетті. Селімхан Әбубәкіров 350 келі (160 190) көрсеткішімен 94 келіден жоғары салмақ спортшылары арасында чемпион атағын жеңіп алды. 69 келі салмақта күш сынасқан Михаил Макеев болса, ирандық Киануш Багерикордасуябидан сәл ғана қалыс қалып, 2-орынға табан тіреді. Қазақстандық 271 келіні (122 149) бағындырса, ирандық спортшы 274 келіні (121 153) басынан асыра көтерді. Тимур Хасаров (56 келі) бұл чемпионатта жетінші (98 120=218 келі) орынды қанағат тұтты.