НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дохада ауыр атлетикадан өтіп жатқан Қатар кубогында қазақстандық Раушан Мешітханова үздік төрттікке ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, лицензиялық турнирде Раушан 87 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Қоссайыс қорытындысында 216 кг (99 117) нәтижемен Р.Мешітханова төртінші орынға ие болды. Ол жұлқа көтеруден құрама қоржынына қола жүлдені салды.
Тағы бір қазақстандық Екатерина Быкова 76 келіге дейінгі салмақта 210 кг (93 117) нәтижемен жетінші орынды қанағат тұтты.
Бұған дейін ерлер арасында Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов пен Денис Уланов 81 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан еді. Н.Рахимов қоссайыс қорытындысында 342 кг (150 192) көтеріп, жетінші орынға табан тіреді. Ал Д.Уланов 315 келімен (140 175) оныншы орынға тұрақтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Игорь Сон Катарда жеңімпаз атанған болатын.
Алдағы жылғы Токио Олимпиадасына Қазақстаннан екі-ақ атлет (біреуі – ер, біреуі – әйел) қатыса алады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).