Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына екінші медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан ауыр атлетикасы федерациясынан мәлім еткеніндей, Ерасыл Омаров 55 келіге дейінгі салмақта үшінші орынға ие болды.

Ерасыл қоссайыс қорытындысында 224 килограмм (100 124) жинады.

Бұл салмақта үндістандық Гурунаиду Санапатхи (104 126) әлем чемпионы атанса, Сауд Арабиясының өкілі Калитит Али Маджит (105 124) күміс медальды олжалады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның ауыр атлетикадан алғашқы медалін жеңіп алғанын жазған болатынбыз.

Александра Беленко 40 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке іліккен еді.