Ауыр атлетикадан әлі де бірнеше алтын күтіледі - баспасөз мәслихаты
Бұл пікірін бүгін Алматыдағы Олимпиадалық баспасөз орталығында журналистермен кездескен Ауыр атлетикадан олимпиадалық дайындық орталығының директоры Маден Қалиеков айтты.
«Кеше Олимпиадалық дайындық орталығының мүшесі Зульфия Чиншанло 53 келі салмақта рекордты жаңартып, алтын медаль олжалады. Ертең оның жеңісті жолын Майя Манеза (63 кг) жалғастыруы мүмкін. Ал 1 тамыз күні Кирилл Павлов (77 кг) пен Анна Нұрмағамбетова (69 кг), 3 тамызда Светлана Подобедова (75 кг), 4 тамызда Алмас Өтешов пен Илья Ильин (94 кг), 6 тамызда Александр Зайщиков (105 кг) бақ сынайды. Бейжіңде топ жарған Илья бұл жолы да тұғырдың жоғары сатысына көтеріледі деп үміттеніп отырмыз», - дейді М.Қалиеков.
Маден Мырзахметұлының айтуынша, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Арли Чонтай (56 кг) мен Фархад Харкидің (62 кг) Қазақстанның атынан сынға түсуіне рұқсат бермеген. Тәртіп бойынша шет елден келген легионерлер 2 жылдан кейін ғана өзін шақырған елдің атынан әлемдік додада бақ сынауға мүмкіндігі бар. Жалпы Лондон Олимпиадасында ауыр атлетикадан бас бапкер - 2, ал құрама кеңесшісі 3 «алтын» аламыз деп болжам жасаған болатын.