Лондон Олимпиадасының жеңімпазы атанған білекті қыз тұрмысқа шығуға ниеттеніп жүргенін былтыр білдік. 2013 жылдың наурыз айында ол тойларының биыл жазда болатынын айтқан. Міне, бүгін нақты күні де белгілі болды.
Спортшылар атойлатып той жасауға қарсы. Тілшілер мен бөтен адамдарсыз, тып-тыныш қарапайым той жасамақшы.
«Тойға дайындық ақырындап жүріп жатыр, - дейді В.Седов, - бұл туралы көп жазбаса екен - бұл біздің жеке өміріміз, оған араласудың қажеті жоқ. Тойымызда бөтен адам болмайды!»
25 жастағы В.Седов 2009 жылы 94 келіге дейінгі салмақта әлем және Азия чемпионатында топ жарғанымен, Лондондағы соңғы Олимпиадаға өте алмады. Ал 25 мамырда 27-ге толған С.Подобедова әлемдік біріншілікте екі мәрте жеңімпаз атанып үлгерді, Азия ойындарының жеңімпазы және құрлық чемпионы болды, оған қоса, 75 келіге дейінгі салмақта Лондон Олимпиадасының алтын жүлдесін иеленді.
Естеріңізге сала кетейік, сәуірде тағы бір қазақстандық зілтемірші қыз Майя Манеза ауыр атлет Вячеслав Ершовқа тұрмысқа шыққан болатын. Олар тіпті жаздың соңында сәбилі болайын деп жатыр.
Бұдан бір апта бұрын ғана қазақстандық тағы бір Олимпиада чемпионы жеңіл атлет Ольга Рыпакова да ұлды болды.