11:06, 04 Мамыр 2009
Ауыр атлетикадан Талдықорғанда өтетін Азия біріншілігін кіші Әлем чемпионаты десе де болады ? ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы
АЛМАТЫ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ауыр атлетикадан мамырдың 11-15-і күндері Талдықорғанда өтетін Азия біріншілігін кіші Әлем чемпионаты десе де болады.
ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсір ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты. «Қазіргі таңда бұл байрақты бәсекеге қатысуға 22 елдің спортшылары өз келісімін беріп отыр. Қытай, Корея және Тайланд құрамаларында Олимпиада ойындарының және Әлем чемпионатының үздіктері бар. Жалпы 2008 жылы Бейжіңде өткен соңғы Олимпиада ойындарында топ жарған 15 спортшының 13-і Азия құрлығының ауыр атлеттері. Сондықтан бұл Азия чемпионатын кіші Әлем чемпионаты десе де болады. Өйткені қазір дүниежүзі бойынша үздік үштікке кіретін елдер - Азия құрлығында орналасқан мемлекеттер», дейді ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы. Оның айтуынша, бұл дүбірлі додаға Қазақстан құрамасының үздіктері қатыспайды. Бапкерлер кеңесінің шешімімен олар қараша айында өтетін Әлем чемпионатына дайындалуда. Бұл бәсекеде Владимир Седов (94 килә), Светлана Подобедова (75 килә) және Сергей Истоминге (105 килә) ерекше үміт артылуда.