Ауыр атлетикадан Талдықорғанда өтетін Азия чемпионатында ел намысын жастар қорғайды
15:27, 05 Мамыр 2009
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Алдағы аптада Талдықорғанда өтетін ауыр атлетикадан Азияның кезекті чемпионатына Бейжің олимпиадасында Қазақстан қоржынына жүлде салған спортшыларымыз қатыспайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Илья Ильин, Мария Гробевецкая, Ирина Некрасова және Алла Важенина биыл қарашаның 17-27-сі аралығында Кореяның Гоянг-Сити қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр», дейді Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ни «Біздің спорт» сайтына берген сұхбатында.
Бас жаттықтырушының сөзіне қарағанда, Талдықорғандағы Азия чемпионатында еліміздің намысын жас атлеттеріміз қорғайтын болады. Ал, бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы екі алтын медальді жеңіп алуды жоспарлап отыр. А. Ни чемпионатта Қазақстан құрамасының басты қарсыласы ретінде Қытай спортшыларын атаған.
Айта кетейік, Талдықорғанда өтетін Азияның кезекті чемпионаты әйелдер арасындағы 21-ші, ал ерлер арасындағы 40-шы құрлықтық біріншілік. Мамырдың 10-ы күні Талдықорғандағы «Өркен» спорт кешенінде жалауын көтеретін жарысқа Азияның 25 елінен өкілдер қатысады деп жоспарланып отыр. Біріншілікті ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ауыр атлетика федерациясы және Алматы облысының әкімдігі ұйымдастыады.