Ауыр атлетикадан Талдықорғанда өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандықтар 4 алтын 3 қола медальге ие болды

АЛМАТЫ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ауыр атлетикадан Талдықорғанда өткен Азия чемпионатында қазақстандықтар 4 алтын, 3 қола медальге ие болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Биыл ерлер арасында 40-шы, ал әйелдер арасында 21-ші рет ұйымдастырылған бұл байрақты бәсекеде ел қоржынына түскен алғашқы медаль 63 киләға дейінгі салмақта бақ сынаған Майя Манезаның қола жүлдесі болды. Оның қатары кейін Татьяна Хромова ( 75 кг), Светлана Подобедова (75 кг) мен Владимир Седовтың (94 кг) алтын және Алмас Өтешовтің (85 кг) қола медалдерімен толыққан болатын. Оны жарыстың соңғы күні Сергей Истомин (100 кг) алтын, ал Яков Верх ( 105 кг) тағы бір қола медальмен ұлғайта түсті. Соның нәтижесінде 4 алтын, 3 қола медальмен командалық есепте екінші орынға ие болды. Бірінші орынды 6 алтын, 6 күміс медалі бар қытайлықтар иеленді. Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни жарыс алдында ерлер арасында да, әйелдер арасында да бір-бір алтын медаль олжалап үздік үштікке енуді көздеп отырғандарын жеткізген болатын. Жоспар артығымен орындалды. Арық сөйлеп, семіз шыққан олар енді қараша айында өтетін Әлем чемпионатында да табысты өнер көрсетуге тырыспақ.