НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлері тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мәлім еткеніндей, ерлерді Нұржан Смаханов, әйелдерді Иван Сивохин бастаған мамандар жаттықтыратын болды.
Бұдан бұрын федерация Ұлттық олимпиада комитеті, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігімен келісе отырып, Қазақстан ұлттық құрамасын екі командаға – ерлер мен әйелдерге бөліп басқару туралы шешім қабылдаған болатын.
«Нұржан Дәуренбекұлы мен Иван Павловичтің екеуі де – жоғары білікті мамандар. Құрама командада жұмыс тәжірибесі бар. Алдағы уақытта да нәтиже шығаратынына сенемін. Командалар биылғы алғашқы оқу-жаттығу жиынына кірісті. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты денсаулық жағдайымен барлық спортшылар түгел қатыса алмады. Дегенмен 13 ақпанда басталатын екінші жиынға қос команда да толық құрамда келеді деп үміттенеміз», деді федерацияның бас хатшысы Алдияр Нұралинов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).