Ауыр атлеттеріміз Қытай мен Ресей зілтеміршілерінің алдын орап, командалық есепте бірінші орынға шығуы да мүмкін - А.Ни
Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондон Олимпиадасына баратын еліміздің спортшыларын қабылдауы кезінде ауыр атлетикадан ҚР ұлттық құрамасының жаттықтырушы Алексей Ни осындай пікір білдірді.
«Біз ауыр атлетикаға зор үміт артамыз. Біздің сеніміміз ақталады деп сенемін», - деп атап өткен Мемлекет басшысы еліміздің зілтеміршілерін жаттықтырушы Алексей Ниге сөз берді.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстанның ауыр атлетикадан олимпиадалық құрамасы қазіргі уақытта тәжірибе мен жастықтың ұштасқан ортасы. Мұнда әлемдік деңгейдегі 4 жұлдыз бар. Олар: Олимпиада чемпионы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин, екі мәрте әлем чемпиондары Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зулфия Чиншанло. Сонымен қатар жап-жас 19-дағы Аня Нұрмаханбетова бар», - деді ол.
А.Нидің пайымынша, қазақ елі зілтеміршілерінің негізгі қарсыластары Қытай, Ресей, Түркия, Украина ауыр атлеттері. Дегенмен қазіргі уақыттағы біздің еліміздің спортшыларының дайындығы, жеңіске деген жігері, тәжірибесі өте жоғары әрі Лондон олипмпиадасында лайықты өнер көрсетеді деп айтуға толық мүмкіндік береді.
«Біз жалпы есепте ауыр атлетикадан Ресей мен Қытайдан кейін үздік үштікке кіру үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Тіпті, біз Қытай мен Ресейдің де алдын орап кетуіміз бек мүмкін», - деді жаттықтырушы.