Ауыр салмақты көліктердің қозғалысына жазда шектеулер енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеке білікке 8 тоннадан астам жүктеме түсетін ауыр салмақты көліктердің қозғалысына жазғы кезеңге шектеулер қойылады.

«Жалпы пайдаланымдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының беткі жабындысын сақтау мақсатында Көліктік бақылау комитеті органдары ауа температурасы 25°С асқан кезде жеке білікке 8 тоннадан астам жүктеме түсіретін автокөлік құралдарының (АКҚ) қозғалысына шектеулер енгізеді»,- делінген ҚР ККМ мәліметінде. Қозғалыс шектеулері 1 маусымнан 31 тамыз аралығы кезеңіне Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған өңірі), Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында енгізіледі. Сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды (Қарағанды өңірі), Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында мұндай шектеу 1 маусымнан 15 тамыз аралығында күшінде болады. ККМ Көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Болат Смағұлының айтуынша, осындай шектеулер жыл сайын жазғы кезеңде жолдың жоғарғы төсемін сақтау мақсатында енгізіледі, өйткені ауа температурасы 25°С асқан кезде қызған асфальт салмақ жүктемесіне сезімтал келеді. Сол себепті ауыр салмақты көлік жүріп өткенде жол жамылғысын бұзып кетуі ықтимал. Қозғалыс шектеулері түн мезгілінде енгізілмейтіндігін атап өткен жөн. Шектеулер оңтүстікте сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін, ал солтүстік және орталық облыстарда 11:00-ден 21:00 аралығында қойылады.