Ауыр жүк тиелген көлікті көрген тұрғындар қайда шағымдана алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Көлік комитеті ауыр жүк тиеген көлікті көрген азаматтарға арнап арнайы желі ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Автокөлік жолдарын пайдалану талаптарын сақтауды қамтамасыз ету үшін, Көлік комитетінің ахуалдық орталығында сенім телефоны мен мессенджерлер жұмыс істейді. Оған тәуліктің кез келген уақытында жүгі ауыр автокөлік құралдарының автомобиль жолдарымен жүріп өткені туралы хабарлама жіберуге болады», - делінген комитеттің хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауынша, еліміздің кез келген азаматы нормадан тыс жүк тиеген көлікті көрсе, 7 708 0880800 нөмірі бойынша «Whatsapp» немесе «Telegram» мессенджерлеріне бейнехабарлама жібере алады.

Жіберілетін хабарламада көліктің мемлекеттік нөмірі, өту орнын, автожол учаскесі, жақын елдімекен, ауыр жүк тиеген көліктің жүріп өткен күні мен уақыты міндетті түрде көрсетілуі қажет.

Қосымша сұрақтар бойынша Ахуалдық орталықтың 8 (7172) 983535 сенім телефонына тәулік бойы хабарласуға болады.

Еске сала кетсек, өткен айдың соңында «Қазжол ҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаев жолда біліктеріне нормадан артық салмақ түсіріп, жүре беретін ауыр жүк көліктерінің қызметіне қатысты мәселе көтерген болатын.

«Автокөлік жолдарының беріктігін сақтауы, жобаланған мерзімде қызмет көрсету, автокөлік жолдарына түсетін жүктеме мәселесі бізді толғандыру керек. Мен бір анықтама бергелі отырмын: әрбір автокөлік жолының төсемесінің құрылымы беріктікке сыналады. Автокөліктердің белгілі бір білігінің өтуінің (мысалы бірнеше миллион) саны саналады. Қарап отырсаңыздар, бірнеше білікті, қос білікті көліктер, білігіне көп жүктеме түсетін көлік түрлері жолымызда жүріп жатыр. Осындай ауыр жүкті көліктердің салдарынан жолдарымыздың қызмет көрсету уақыты төмендеп кетуі мүмкін», - деген еді Бағдат Телтаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.