Ауыз су және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағдарламалары күзде қабылданады - Кәрім Мәсімов

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ауыз су және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағдарламалары күзде қабылданады. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.

«Ең басты қажеттілік - су болғандықтан ауыз су мәселесін бірінші орынға қояр едім. Бұған дейін болған бағдарламада оң және теріс тұстары болды. Біз осы мәселені Үкімет отырсында тыңғылықты талқылап, кемшін тұстарды ескеріп өттік және бағдарлама жобасы таныстырылды. Қазіргі кезде ол тиісті талқылаулардан өтіп жатыр. Менің ойымша, Ауыз су бағдарламасы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағдарламасымен бірлесе алдағы жылдарға арналған бюджет жобасымен бірге таныстырылатын болады. Себебі, бұл ресурстарсыз оны іске асыру қиынға түседі», - деді Премьер-Министр.

Осы орайда Үкімет басшысы Жол картасы аясындағы тәжірибе ескерілетінін айта келе, осы тұрғыда, яғни ауыз су мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бойынша жергілікті бюджеттің тарапынан қосымша қаржыландыру қажет болатынын жеткізді. «Менің пайымдауымша, қыркүйек - қазан айларында бюджетпен бірге осы екі бағдарлама қабылданатын болады»,-деді К. Мәсімов.