Ауыз сумен қамту көрсеткіштері төмен өңірлер басымдықпен қаржыландырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыз сумен қамтуға жұмсалатын қаражат әуелі көрсеткіштері төмен өңірлерге бағытталады. Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыз суға қолжетімділік қалаларда 98,4% және ауылдарда 94,5% болды. 9 өңірдің (Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жетісу, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Ұлытау) қала тұрғындары ауыз сумен 100% қамтылған. Қалаларда ауыз сумен қамтудың ең төмен көресеткіші Жамбыл облысында – 91,9%», - деді министр.

Ал, ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамту көрсеткіші Қостанай облысында – 80,4%, Ақмола облысында – 89,8% және Солтүстік Қазақстан облысында – 85% болып тұр.

«Қамту көрсеткіштері төмен өңірлерге қаражат басым негізде бөлінеді, бұл өз кезегінде артта қалған өңірлердің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Марат Қарабаев.