«Аватар» фильмінің жалғасын көрермендер қазақ тілінде тамашалай алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Disney компаниясының қаржыландыруымен кезекті фильм қазақ тіліне дубляждалды.
Алматыда «Аватар: От пен күл» фильмінің тұсаукесері өтті. Әлемге танымал режиссер Джеймс Кэмеронның туындысы еліміздің кинотеатрларында қазақ және орыс тілдерінде көрсетілетін болады. Айта кеткен жөн, бұл қазақша дыбысталған әйгілі режиссердің алғашқы фильмі емес. 2022 жылы «Аватар: Су жолы» киносы да көрермендерге қазақ тілінде жол тартқан еді.
Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев бұған дейін қазақ тілінде дыбысталған фильмдерге әлемдік компания жоғары баға бергенін атап өтті.
— Disney бізді ән айтуға мықты, өлең жазуға мықты музыкалық халық ретінде таниды. Бұған дейін жобаларымыз арқылы өзімізді осы жағынан жақсы көрсеткенбіз. Енді «Аватар» секілді фильм арқылы біздің дубляж драмада да мықты екенін танытпақпыз. Ал келесі жылға келсек, «Аңдар шаһары 2» кассалық табысы жақсы болды. Сол секілді «Аватардың» дубляжы жақсы касса жинаса, 2026 жылы 5-9 фильмді дыбыстауға тапсырыс беруі мүмкін, — деді ол.
Жалпы 2025 жылы Disney студиясы «Элио», «Лило мен Стич» және «Аңдар шаһары 2» фильмдерін қазақ тіліне дубляждады. Ал өткен жылы әлемдік кинокомпания «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» атты үш фильмін қазақ тіліне аударуға тапсырыс беріп, дубляж жұмыстарын қаржыландырды.