Бүгін «Дубровичи» ресейлік полигонынан тікелей ұшқыштарымыз Ақтөбеге келді, онда оларды екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанттары салтанатты түрде күтіп алды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұшқыш болуды және ӘӘК ірі халықаралық сайыстарында өнер көрсетуді армандап жүрген қазіргі курсанттар үшін бұл кездесудің орны бөлек. Себебі, «Авиадартстан» келген ұшу экипаждарының құрамында Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының түлектері капитан Нұрбек Әбдішүкір, Айдар Гаухаров, Манас Дәулетбаев пен Алексей Кейль. Естеріңізге сала кетейік, 1 тамызда бірінші халықаралық армия ойындары шеңберінде Рязань облысының «Дубровичи» полигонында «Авиадартс» байқауы бастау алды. Мұнда Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қытай Әскери-әуе күштерінің ұшу экипаждары ұшуды басқару және авиациялық техниканы жауынгерлік қолдану шеберлігінде сайысқа түсті. Байқауға Қазақстаннан төрт ұшу экипажы және 12 ұшу аппараты қатысты.
Біздің ұшқыштарымыз үшін «Авиадартсқа» бәселелесу алғашқы тәжірибе болып табылады. Алайда, бұл оларға байқаудың барлық сынағынан мүдірмей өтуге және ұшу дағдысында ресейлік ұшқыштардан ғана қалыс қалып, Қытай мен Беларусь ӘӘК үздік өкілдерін озып кетуге кедергі болған жоқ.