«Авиадартс-2016» халықаралық байқауына әскери ұшқыштарды іріктеу басталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Әскери-әуе күштерінің үздік ұшқыштары «Авиадартс-2016» ұшу экипаждарының халықаралық байқауына екінші рет қатысқалы отыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүгінгі таңда «Қызылағаш» және «Қазақстан» авиациялық полигондарында Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары арасында іріктеу кезеңі өткізілуде. «Қазақстан Республикасынан «Авиадартс-2016» байқауына Су-27 және МиГ-29 жойғыштарының, Су-25 шабуылдағышының, сондай-ақ Ми-8 және Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшақтарының экипаждары қатысады. Байқауға ұшқыштан (экипаж командирінен) бастап буын (жасақ) командиріне дейінгі лауазымдардағы, біліктілік дәрежесі 3-сыныптан төмен емес жас ұшқыштар ғана қатысатын болады.

Ұшқыштарымыз бұл тартысты додаға 2015 жылы алғаш рет қатысып, жалпыкомандалық екінші орынды иеленіп,  жақсы нәтиже көрсетті. Осы жылы да ұшқыштарымыз жоғары нәтиже көрсетеді деп ойлаймын», - дейді ӘӘК-нің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов. 

Әрбір команда өздерінің әуе кемелерінде өнер көрсетеді. Екеуі - негізгі (жұп) және біреуі резервтік. Байқауды өткізу бағдарламасы үш кезеңді қамтиды. Бағдар бойынша ұшу, көзбен шолып әуе барлауын жүргізу, пилотаждау техникасы; жерүсті нысана бойынша жауынгерлік қолдану, сондай-ақ үшінші кезең - спорттық. Байқауға дайындалу және оны өткізу жөніндегі жалпы жетекшілікке алуды Ресей Федерациясы Әуе-ғарыштық күштерінің Бас қолбасшылығы жүзеге асырады. Дүбірлі дода 2016 жылғы шілденің 26-ы мен тамыздың 12-і аралығында ұшу құрамын жауынгерлік даярлау және жаттықтырудың 43-ші орталығы (Рязань қ.) және «Дубровичи» авиациялық полигонының (Рязань қ.) базаларында өткізіледі.