Авиакеросинның тоннасын 890 долларға дейін арзандату керек – Энергетика министрі

Фото: momotuning.ru

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов әуежайларда ұшақтарға авиакеросин құю нарығындағы монополия жойылғанын айтты.

Мәжілістің жалпы отырысы аясында БАҚ өкілдері министрден: «Мұнай өндіретін елде авиакеросин, тіпті көршілес елдерден де неліктен өте қымбат болды және бұл жайында Президент айтқаннан кейін ғана баға төмендеді», - деп сұраған еді.

Оның түсіндіруінше, әуежайларда ұшақтарға авиакеросин құю нарығында монополия болған.

- Бүгінде «ҚазМұнайГаз Энерго» ұлттық мұнай-газ компаниясын ұшақтарға отын құю үшін әуенжайларға тікелей кіргізу туралы шешім қабылданды. Бұл бағаны бірден төмендетуге мүмкіндік берді. Бүгінде ұшаққа отын құю 1200-1250 доллардан 940 долларға дейін төмендеді. Біздің мақсатымыз - 890 долларға дейін төмендету. Монополия болды, қазір жоқ, - деді Ерлан Ақкенженов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда жүк тасымалдайтын әуе компаниясын құру туралы тапсырмасы дұрыс орындалмай жатқанын айтып, Үкіметтің шешімін сынаған болатын.