Bangkok Airways компаниясының лайнері қонып жатқан кезде ұшып-қону алаңының шетіне шығып кетіп, мұнараға соғысқан. Ұшақ бортында ең кем дегенде, 70 адам болған. Алдын-ала мәліметтер бойынша, 1 адам қаза болған.
Апатты оқиға жайсыз ауа райының салдарынан орын алды, деп пайымдалуда. Ұшақ Краби-Самуи бағыты бойынша нөсер жауында ұшып келген.
Bangkok Airways компаниясы негізінен Бангкоктан танымал аралдарға және кері бағытта ішкі рейстер орындайды. Ұшақ соғысқан диспетчерлік мұнара толық автоматтандырылған және қызметкерлерсіз жұмыс істейтін нысан болған.
Естеріңізге сала кетейік, осындай оқиға өткен аптада Иранның Мешхед қаласының әуежайында болған еді. Қонар кезде «Ил-62» ұшағы алаңнан шығып кетіп, бетон қоршауға соғылды. Оқиға салдарынан 16 адам қаза болды, оның ішінде экипаждың 13 мүшесі бар. Ол оқиғаға ұшақтың үлкен жылдамдықпен қонуы себеп болған.