Авиаотын бағасы төмендейді, жолы қандай – Көлік министрі түсіндірді

Фото: aviacenter

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қандай шаралар есебінен авиаотын құнын төмендету жоспарланып отырғанын айтты.

- Президент сынынан кейін ведомство бірден отын құнын төмендету тетіктерін тапты. Негізгі рөлді «ҚазМұнайгаз-Аэро » компаниясы атқарады. Ол отынды ірі көтерме партиямен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. 200-300 тоннадан сатып алып, біршама жоғары бағада төлем жасайтын жекелеген әуежайларға қарағанда көтерме сатып алу өзіндік құнын біршама төмендетуге мүмкіндік береді, - деді ол бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі брифингіде.

Сонымен қатар министр авиаотын құнын төмендетуге мүмкіндік беретін өзге де шараларға тоқталды.

- Екінші – мемлекет импортты ҚҚС-тен босатты. Үшінші – әуежайлар әрбір ұшақтан жанар-жағармай құйғаны үшін 200-ден 300 долларға дейін роялти алатын. Бүгінде олар роялти мен инфрақұрылымдық алым алмайды. Соңғы уақытта нарықта баға қатты құбылды. Яғни, Қазақстанмен шекарада баға 960 доллар болатын. Қазір «ҚМГ-Аэро » сатып алған ең жоғары баға - 715 доллар. Сондықтан да осы ресурстардың есебінен жалпы төмендеу болып жатыр, - деді Нұрлан Сауранбаев.

Айта кетейік, кеше Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы авиаотын бағасы көрші елдердегі әуежайлармен салыстырғанда тым қымбат әрі бәсекеге қабілетсіз екенін айтқан еді.