Авиарейстердің кешігуін болдырмау жөнінде іс-шаралар белгіленді - ККМ

АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Кеше, 8 маусымда ҚР Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев «Астана халықаралық әуежайы» АҚ, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ, «Эйр Астана» АҚ және «Скат» авиакомпаниясы» АҚ,

Астана қаласы бойынша авиациялық прокуратура басшыларының қатысуымен Қазақстандағы әуе кемелерінің ұшу тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, ведомство басшысы Берік Камалиев үстіміздегі жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев министрлікке «Эйр Астана» авиакомпаниясының авиарейстерді кешіктіру себептерін анықтау жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Осыған байланысты министр Астана қаласының әуежайында бір жарым мыңнан астам рейс кешіктіріліп жасалғандығын, онда да олардың басым көпшілігі «Эйр Астана» авиакомпаниясы тарапынан болғандығын атап өтті. Кешіктірілудің басты себептері әуе кемелерінің кешеуілдеп келуінде болып отыр, бұның өзі резервтік әуе кемелерінің болмауы мен ауа райының қолайсыздығының салдары.

Аталған ескертулерді жою мақсатында министрлік ұшу тұрақтылығын жоғарылату жөнінде іс-шаралар жоспарын әзірледі. Рейстер кешіккен жағдайларда жолаушылар алдындағы міндеттерін орындамаған авиакомпаниялардың лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі пысықталды. Бұдан былай авиакомпаниялардың ұшу тұрақтылығы бойынша рейтинг жасалып, оның нәтижелері авиамаршруттарды бөлу жөніндегі конкурсты өткізгенде ескерілетін болады. Мұның сыртында қолайсыз метеорологиялық жағдайда ұшуға қабілетті әуе кемелерінің командирлер минимумын анықтаудың еуропалық әдістемесін енгізу қарастырылған Ұшуды ұйымдастыру ережесінің жаңа жобасы әзірленді. Бұдан тыс, қысқы мезгілде әуе кемелерінің мұздақталуына қарсы өңдеу үшін рейстерге қызмет көрсету технологиясына өзгерістер енгізу ұсынылды.

Кеңес нәтижелері бойынша министр Б.Камалиев азаматтық авиация комитетіне Ұшу тұрақтылығын жоғарылату жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын айрықша бақылауға алуды және оларды орындамаған азаматтық авиация ұйымдарының лауазымды тұлғаларына белгіленген тәртіппен қатаң шаралар қолдануды тапсырды. Мұның сыртында комитетке таяу уақытта Астана мен Алматы қалаларындағы әуежайларына қатысты ведомстволық қызметтердің өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізу, оның сыртында әуежайлар мен авиакомпаниялардың басшыларының қатысуымен жеке жиналыс өткізу тапсырылды. Сонымен қатар, комитетке Астана мен Алматы қалаларындағы әуежайларындағы рейстердің кешігуіне мониторинг жасап отыратын штабтардың жұмыстарын жандандыру тапсырылды. «Эйр Астана» және «Скат» авиакомпанияларына рейстердің кешігу жағдайында жолаушылар мүдделерін қорғауға арналған заңнамамен бекітілген іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз етуге, резервтік әуе кемелерін ұстауды ескеріп отыру, сондай-ақ жолаушыларға уақытылы ақпарат беріп отыру жұмысын жақсарту, тіркеу орындарында жолаушылардың шамадан тыс жиналып қалуының алдын алу мақсатында тіркеу агенттерінің санын көбейту тапсырылды. Сонымен бірге, Астана және Алматы әуежайларына анықтама қызметтерінің жұмыс сапасын жетілдіру және жолаушыларды тіркеу технологиясын мүлтіксіз орындау шараларын жүзеге асыру тапсырылды.