Авиаторлардың біліктілігін арттыру мақсатында оқу-жаттығу өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана маңындағы авиациялық бөлімде оқу-жаттығу ұшулары болып өтті. Жауынгерлік даярлық курсына сәйкес, авиаторлар ең төменгі биіктіктегі күрделі ұшуларды жүзеге асырып, тікұшақты әуеден өздері таңдаған нүктеге дәл қондырды, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Бұл ретте, майор Марат Байғалиев пен капитан Дархан Көпбаев басқаратын «ЕС-145 Еурокоптер» экипажы үздік нәтижелер көрсетті.

Оқу-жаттығу ұшулары кезінде экипаждар ұшу сағаттарын арттыру бойынша өз машықтарын жетілдіріп, әрі қарай экипаж командирі дәрежесіне көтерілу үшін алғашқы қадамдар жасады.

Ұшу экипажы мен инженерлік-техникалық құрам шетелде теориялық және практикалық даярлықтан толығымен өткендігін атап өту қажет. Бүгінгі таңда осы типтегі тікұшақтарда жүзеге асырылатын барлық ұшуларды, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсетуді авиациялық бөлімнің жеке құрамы жүргізеді.

«ЕС-145 Еврокоптер» тікұшағы «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» кәсіпорнында құрастырылады. Ол ТМД мен Орталық Азия аумағында осы тектес жалғыз зауыт болып табылады. Бұл кәсіпорынды ашу - қазақстандық тікұшақ саласын дамытудың жаңа сатысы.