Австралиялық Антарктика бағдарламасы (AAP) хабарлағандай, Нуйина мұзжарғыш кемесі өткен аптада Тасманияның оңтүстігіндегі Хобарт портынан шықты.
Құтқару экспедициясына дайындық, соның ішінде мұзжарғышты тікұшақтармен жабдықтау бірнеше аптаға созылған.
Хобарттан Кейси станциясына дейін – 3443 шақырым. Мұзжарғыштың максималды жылдамдығы 18 торап немесе шамамен 32 км/сағ. Яғни, шамамен бес күнде межелі жерге жетеді.
Антарктикалық экспедицияның науқас мүшесі мамандардың көмегіне мұқтаж екенін мәлімдеген, бірақ оның нақты неден ауырғаны нақтыланбады.
Қыста Кейси станциясында 20-ға жуық зерттеуші тұрып, жұмыс істейді
Кейси станциясының жанында аэродром бар, ұшу-қону жолағы мұз үстіне салынған, қыста пайдалану қиын. Австралиялық баспасөздің хабарлауынша, мұзжарғышқа қарағанда оны жұмыс жағдайына келтіру әлдеқайда көп уақытты қажет етеді.
Антарктидаға жіберілмес бұрын австралиялық экспедициялардың барлық мүшесі мұқият медициналық тексеруден өтеді.
Ғаламшардағы ең қолайсыз континенттен эвакуациялау қиын, қымбат, тіпті қауіпті операция болуы мүмкін.
Айта кетейік, 2020 жылдың желтоқсанында Америка Құрама Штаттары мен Қытай Австралияға антарктикалық экспедицияның мүшесін эвакуациялауға көмектескен, ал Австралияның өзі сол жылы Мак-Мердо станциясынан науқас американдық ғалымды шығару үшін Airbus A319 ұшағын жіберген.