Австралия ашық чемпионатында теннис бәсекесі қыза түспек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жасыл құрлықта өтіп жатқан теннис турнирі ақтық ойындарына жетіп те қалды. Ертең Австралия ашық чемпионатының ширек финалдық матчтары өтпек.

Әйелдер сынындағы ширек финалдық ойындардың ең қызықтысы Мария Шарапова мен Серена Уильямстың арасындағы 26 қаңтар күнгі жекпе-жек болмақ. Өткен жылы дәл осы Үлкен шлем турнирінің финалында бақ сынаған екеуі осы жолы ширек финалда кездесіп отыр. Әлемнің бірінші ракеткасы, америкалық Серена мен Ресейдің намысын абыройлы қорғап жүрген Марияның арасындағы жеке есеп 18-2 екен. Мария соңғы 10 жылдан астам уақыт бойы Серенаны жеңе алмай әлек. Сондықтан да Мария Шарапова америкалық теннисшіден басым түсіп, өзінің спорттық жолындағы өте маңызды және тарихи жеңісіне қол жеткізуі әбден мүмкін.

Мельбурн қаласының нағыз мерекелік кештері ерлер арасындағы ойындармен қыза түсуде. Себебі, ертең Федерер Бердыхпен, ал Джокович Нишикоримен жартылай финалға шығу үшін таласпақ. Әрине, фавориттер қашанда керемет тәжірибесімен және көпжылдық шеберліктерімен бір бас жоғары десек болады. Алайда, Чехияның үздік теннисшісі Томаш Бердых пен Азия құрлығының үздігі, жапониялық Кей Нишикори өздерінің қарсыластарынан оңай жеңіле салмайтынын ертеректе дәлелдеп кеткен.

Әсіресе, әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович пен Кей Нишикори арасындағы ойын тартысты болуы мүмкін. Сарапшылардың айтуы бойынша, «жапон самурайы» атанып кеткен Кей Новакпен терезесі тең деңгейде қарсыласуына күші жетеді. Сонымен қатар, жапонның ойын үлгісі де Джоковичтің техникасына ұқсайтыны Нишикориге ыңғайлы екен.
Теннисшілер арасындағы ерлер турына 1998 жылы аяқ басқан атақты «маэстро» Роджер Федерер өзінің әлі де бабында екендігін байқатты. Кезінде Агасси, Сафин, Сампрас сияқты мықтылардың ауызын аштырып кеткен Роджер соңғы жылдары Джокович, Надаль, Маррейлардың жүйкесін біраз жұқартса керек. Осы жылы 35 жасқа толатынына қарамастан, ол жалпы теннис спорты үшін барын салып, жанкүйерлерді тәнті қылудан бас тартар емес. Осы орайда, Федерердің ашық чемпионаттағы кезекті жеңісіне қол жеткізуі мүмкін деген тұжырым бар. Ол 17 рет Үлкен шлем турнирінде жеңіске жеткен. Бірақ швейцариялық бұл рекордты 2012 жылы қойған еді.
Бұдан бөлек арғы күні өтетін ширек финалдық матчтарда Энди Маррей Давид Феррермен кездессе, 2014 жылғы Австралия чемпионы Станислас Вавринканы жерге қаратып кеткен канадалық талант Милош Раонич Гаель Монфилспен бәсекеге түспек.
Бірнеше теннис алаңында өтіп жатқан тартысты кездесулерді Қазақстан көрермендері «Еуроспорт» телеарнасы арқылы көре алады.