Австралия Қазақстанмен тау-кен саласында байланыстарды арттыруға ниетті
14:49, 28 Наурыз 2013
АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Австралия Қазақстанмен тау-кен саласында байланыстарды арттыруға ниетті.
«Екі елдің арасында қарқынды дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынас қалыптасты. Атап айтқанда, 2012 жылы австралиялық тауарларды Қазақстанға экспорттау көлемі 68 пайызға артты. Негізінен Австралия ет өнімдері мен мал басын экспорттайды. Сонымен қатар біз тау-кен өнеркәсібі мен білім беру саласында қызмет көрсетуге дайынбыз», - деді бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжинге Сенім грамотасын тапсырғаннан кейін аталған елдің Төтенше және Өкілетті Елшісі Пол Эндрю Майлер.
«Географиялық тұрғыда біздің елдер алыс орналасқанымен, Қазақстан мен Австралия арасында ортақ мәселелер көп. Осы орайда белсенді әрі жемісті ынтымақтастық екіжақты қарым-қатынастарды бұдан ары қарай нығайтуға септігін тигізеді деген ойдамын», - деп түйді Елші.