Австралия үшін 2013 жыл рекордтық деңгейде ыстық болды

АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Австралия үшін 2013 жыл бүкіл зерттеулер тарихында ең ыстық жыл болды. Бұл туралы Австралиялық метеорологиялық бюроның зерттеулеріне сілтеме жасай отырып, BBC News хабарлайды.

Жыл бойы жиналған деректер бойынша, 2013 жылы Австралиядағы температура 1910 жылдан бергі орын алған орташа температурадан 1,2 градус Цельсийге жоғары болып шыққан. Бұған бір жағынан ерте келген көктем мен құрғақ қыс та әсер еткен. Жоғары температураның кесірінен 1968 жылдан бері ең күшті табиғи өрттер орын алды.

Бұл елде жыл сайын ауа температурасынан басқа су температурасы да біртіндеп жоғарылап келеді. Мамандардың айтуынша, жылынуға улы газдардың көптеп бөлінуі мен адами факторлар әсер етуде. Сонымен қатар, метеорологтар орташа температураның тек бұл елде ғана емес, жалпы әлем бойынша жоғарылап келе жатқанын айтуда.

Австралиядағы орташа температура жыл бойы 23-24 градус Цельсий маңында болады. Елдің ең құрғақ әрі ыстық өңірі - солтүстік-батысы. Онда жаздағы температура 30 градустан асады. 2013 жылы температураның ең жоғары шегі 12 қаңтарға дөп келген (дәл осы қаңтар айы жылдағы ең ыстық ай болған). Сол күні Мумба қаласындағы ауа температурасы 46,9 градусқа жеткен.