Австралияда бойжеткен шотына кездейсоқ түскен 3,4 млн. долларды жұмсап тастаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралия соты төрт жыл бұрын шотына қателесіп жіберілген 3,4 млн. долларды шешіп алған 21 жастағы малайзиялық бойжеткенді кепілдік алып, босатты.

Студент Кристин Цзясинь Ли сәрсенбі күні Сидней әуежайында Малайзияға оралмақ болған жерінен қолға түсті.

2012 жылы оның шотына қателесіп 4,6 млн-ға жуық австралиялық доллар (3,4 млн. АҚШ доллары) аударылған.

Тергеу мәліметтерінше, ол өзіне аударылған ақшаны Westpac банкінен бір жылда бірте-бірте шешіп, билікке ақшаның өзіне қателісіп жіберілгенін хабарламаған.

Цзясинь Лидің қорғаушысы бойжеткеннің 700 мың долларды сәнді сөмкелерді сатып алуға жұмсағанын айтты.

Тергеушілер сондай-ақ студент қыз көп ұзамай оны полиция іздейтіні туралы білгенін және елден кету үшін жедел түрде төлқұжат дайындағанын айтып отыр.