Австралияда G20 саммиті басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Австралияның Брисбен қаласында «Үлкен жиырмалықтың» саммиті басталд, деп хабарлады 24.kz.

Екікүндік форум аясында экономикалық өсім, жұмыспен қамту және тәуекелмен күрес сияқты мәселелер талқыланады. Сондай-ақ, алқалы жиында әлемдік экономикалық жағдай мен халықаралық сауда және энергетика салаларындағы түйткілдер қаралып, дағдарысқа қарсы тұрудың жолдары ортаға салынбақ.

Брисбеннің конференциялық орталығында басталған ауқымды шара салтанатты түрде ашылды. Бірінші қатарға жайғасқан әлем елдерінің басшылары Австралияның байырғы тұрғыны аборигендердің дәстүрлі биін тамашалады. Сахналық қойылымдар аяқтала салысымен «Үлкен жиырмалықтың» көшбасшылары алғашқы жұмыстық кездесулерін өткізді. G20 саммиті - жаһандық экономика мен қаржы саласындағы мәселелерді қарастырып, оларды талқылайтын алқалы жиын. «Жиырмалық» тобына әлемдегі 19 ел мен Еуроодақ мүше. Әлемдік сауда мен оның ішкі жалпы өнімінің 80%-ы соның еншісінде. Ал халық санына келер болсақ, жер шарындағы адамдардың 1/3 осы «Үлкен жиырмалықта» тұрады.

«Бұл жолғы форумның басты мақсаты жетекші елдердің экономика мен қаржы саласында бір жұдырықтай жұмыла жұмыс жасауды ұйымдастыру», - деді Австралия Премьер-Министрі Тони Эбботт. - Біз сауданың еркін болғанын қалаймыз. Қалайда оған қол жеткіземіз. Инфрақұрылымның да көбейгені керек. Біз қазір маңызды құрылымдық реформаларды қолға алдық. Әлеуетті өмір сүру үшін бюджетті бір жерге шоғырландыру қажет. Бүкіл әлемге жолдар үндеуіміз осы».

Ресми Канберраның бастамасымен «Үлкен жиырмалыққа» мүше елдері алдағы 5 жылда экономикалық өсімді тағы 2%-ға арттырумен қоса, экономикалық белсенділікті 2 трлн АҚШ долларына ұлғайту және миллиондаған жаңа жұмыс орнын ашу туралы келісті. Алайда, жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, саммитке байланысты енгізілген қауіпсіздік шараларының кесірінен жұмыстары тоқтап қалды. Соңғы жылдары халықаралық форуммен қатар жаппай ереуіл ұйымдастыру сәнге айналған. Жаһандануға қарсы қауым мен қоршаған ортаны қорғаушы белсенділер, қала берді бір жынысты некені қолдайтын жандар қазіргі таңдағы әлемдік құрылымға қарсылығын білдіріп қалғысы келеді.