Жалпы, 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында елге 40 мың бас ірі қара мен 10 мың бас ұсақ мал сатып алу көзделген. Бүгінде Қазақстанға 9,5 мыңға жуық ірі қара жеткізілді.
Мал Астана халықаралық әуежайына Qatar Airways Cargo әуе компаниясының арнайы жүк рейсімен жеткізілді.
Өнімділігі жоғары мал басын импорттау Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Кешенді жоспар отандық асыл тұқымды мал шаруашылығының әлеуетін нығайтуға, табынның генетикалық сапасын жақсартуға, төл өсіру ісін дамытуға және бәсекеге қабілетті мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуға бағытталған.
-Асыл тұқымды мал базасын нығайту – министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта елімізге 9,5 мыңға жуық ірі қара әкелінді. Бүгін абердин-ангус тұқымына жататын 305 бас малдың кезекті легін қарсы алдық. Солтүстік Қазақстан облысына бұл тұқымды мал Австралиядан алғаш рет жеткізіліп отыр. Жалпы, 40 мың бас ірі қара және 10 мың бас ұсақ мал сатып алу жоспарланған, – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Мал басын асылдандыру және жаңарту жұмыстарына «Шал ақын АГРО-2020» және «Asyl Farms» серіктестіктері қатысып жатыр.
-Етті мал шаруашылығын дамыту – біздің шаруашылық үшін өндірісті әртараптандыруға және өзіміздің жемшөп базасын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Біз абердин-ангус тұқымын бордақылау көрсеткіштерінің жоғарылығы мен ет сапасының жақсы болуына байланысты таңдадық. Австралиядан әкелінген асыл тұқымды малдың генетикалық әлеуеті жоғары, өнімді табын қалыптастыруға, алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысының өзінде асыл тұқымды мал өсіру мен көбейтуді дамытуға жол ашады, – деді «Asyl Farms» серіктестігінің директоры Ғабиден Балғынбеков.
Солтүстік Қазақстан облысы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту орталықтарының біріне айналып келеді. Өңірде асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 23 жобадан тұратын пул қалыптастырылған.
Жыл басынан бері облысқа Германия мен Даниядан 3 мыңнан астам аналық мал әкелінді. Жыл соңына дейін Австралиядан асыл тұқымды мал жеткізетін тағы 10 әуе рейсін қабылдау жоспарланып отыр. Болжам бойынша, өңірге импортталатын малдың жалпы саны 11 мыңға жуық ірі қара мен 1,5 мыңнан астам ұсақ малға жетеді.
Сонымен қатар өңірде саланың тұрақты дамуына қажетті инфрақұрылым жетілдіріліп жатыр. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында 118 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оның 50-і – заманауи кешендер. Бұдан бөлек, жалпы қаржыландыру көлемі 1,5 млрд теңгені құрайтын 57 ветеринариялық бекеттің құрылысы жүргізілуде.
-Асыл тұқымды мал импорттау мал басын көбейтумен қатар, мал шаруашылығын ұзақ мерзімді дамыту тетігі ретінде қарастырылып отыр. Озық генетиканы енгізу, ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту, селекциялық жұмысты жетілдіру және отандық мал өсіру жүйесін дамыту табын өнімділігін арттыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және Қазақстанда өндірілетін бәсекеге қабілетті өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған,-делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,9 есе өсті.