Австралиялық актер бейнекөрініс түсіру кезінде қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралиялық актер музыкалық бейнекөрініс түсіру кезінде оқ тиіп қаза тапты, деп жазады «Хабар 24».

Оқиға Брисбен қаласындағы дәмханалардың бірінде болған.

Жергілікті хип-хоп тобы бейнебаянның сценарийі бойынша атыс көрінісін сахналауы тиіс екен. Дәл осы сәтті түсірген кезде топтың бір мүшесі кеудесіне тиген оқтан көз жұмған.

Полиция болған жағдайды «өндірістік оқиға» деп бағалап отыр. Әзірге актерлердің тапаншалары қандай оқпен оқталғаны белгісіз. Тергеушілер «жақын тұрып атса, бос патронның өзі адамды қатты жарақаттауы мүмкін» дегенді айтады.