Австралиялық әйел екі бетті балаға жүкті - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрігерлер австралиялық әйелге құрсағындағы баласының екі бет пен екі мимен туатынын айтқан. Жалпы, тарихта екі басты балалалардың дүниеге келуі бойынша 35 жағдай тіркелген, деп жазады segodnya.ua.

Дәрігерлер сиднейлік Рене мен Саймонға әлі дүниеге келмеген қыздарының екі беті мен екі миы болатынын айтқан. Ал бас сүйегі біреу ғана. Мамандар жеті баласы бар ата-анаға дереу түсік жасатуға кеңес берді. Мұндай ақауы бар бала екі күннен артық өмір сүре алмайды дейді олар. Алайда жұбайлар бұған келіспей отыр.

«Біз қандай жағдай болса да жүктілікті тоқтатпауға шешім қабылдадық», - деп мәлімдеді көп балалы ана. Рененің сөзіне қарағанда, оның ішіндегі шарана дүниеге келгеннен кейін отбасына қандай қиындық әкелсе де, ол баласынан бас тартпайды.

«Толық дамымаған баланы өлтіру - аутизммен ауратын баладан бас тартқаннан да жаман», - дейді жүкті әйелдің күйеуі.

Жалпы, осы күнге дейін тарихта екі басты балалардың дүниеге келуі бойынша 35 жағдай тіркелген. Оның соңғысы 2008 жылы Үндістанда тіркелген.