Австрия, Германия ЕҚЫҰ саммитін өткізуді қолдайды - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 19-ы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Елімен етене Елбасы» деген сөз тіркесі қазір жиі ауызға алынады. Осы сөздің ақиқаттығына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы қарашаның 13-інде өткізген «тікелей тележелісі» айшықты айғақ бола алады. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде ел өміріндегі орны өзгеше болған сол оқиғаның жай-жапсары, қорытындылары жарияланып, жұртшылық пікірлерінің түйіндеме сөздері беріліп отыр. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысының атына келіп түскен сауалдар мен өтініштердің жалпы саны - 44452 (бұл 2007 жылғы Интернет-конференция кезіндегіден 8 есе көп). «Тікелей желі» өткен уақытта іс-шараның сайтына 110 мыңнан астам адам кірген. Әлемнің 87 елінен шамамен 1 миллиондай адам сайтқа кіріп, жауаптарды қарап, танысқан. Сұрақтар санының аса көп болғанын ескере келе, «тікелей желіні» өткізу кезінде келіп түскен азаматтардың сұрақтарымен және өтініштерімен мұқият танысу жұмысы тек 2010 жылдың қаңтарында ғана толық аяқталған. Тікелей желіге қатысты мақалалар топтамасмен етен танысқыңыз келсе басылымның бүгінгі нөміріне назар салыңыз.

Елбасының қатысуымен өткен тікелей желінің қорытындысы «Айқын» газетінде де жарияланды. «Сұрақтар мен өтініштердің жалпы санының 15 мыңдайы www.lіne.gov.kz Интернет сайтына, 17 мыңы - телефон арқылы, 3 мыңы - vopros@akorda.kz электрондық пошта арқылы, 9,5 мыңы SMS жүйесі арқылы келіп түскен. Өңірлік үлесі бойынша сұрақтардың көбі Астана (4986) мен Алматы (3569) қалаларынан, Алматы (3170), Оңтүстік Қазақстан (3077) облыстарынан келіп түскен (1-диаграмма)», деп жазады басылым.

Сондай-ақ Елбасымен өткен тікелей желінің қорытындысы «Казахстанская правда», «Экспресс-К», «Литер» газеттерінде де жарияланды.

«Германия Еуропа саммитін өткізуді қолдайды». «Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев герман тарабының бастамасы бойынша ГФР Канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, Ангела Меркель Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы басталуымен құттықтады. Өз кезегінде, Мемлекет басшысы Канцлерге Германияның Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне көрсеткен көмегі және ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізу туралы қазақстандық бастаманы қолдағаны үшін алғысын жеткізді. Екі елдің лидерлері аталған кезеңде алда тұрған саммиттің мазмұнды бөлігін нақтылау жөнінде жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен «Астананың Жаңа университеті» АҚ директорлар кеңесінің бесінші отырысы өтті. Отырыста университеттің ұйымдастыру іс-шаралары, сондай-ақ, жетекші серіктес ЖОО-мен және ғылыми орталықтармен халықаралық ынтымақтастықты орнатуға қатысты ұсыныстар қаралды. Отырыс соңында Премьер-Министр Астананың Жаңа университетінің басшыларына оқу орнының қызметіне қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Кеше ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов биатлоннан Қазақстан құрамасының мүшесі Елена Хрусталеваны Ванкувердегі қысқы Олимпиялық ойындарда күміс медальді жеңіп алуымен құттықтады. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген құттықтау хатында «Сіз жеңіп алған жүлде біздің бәріміз үшін қымбат. Бұл - қазақстандықтардың қысқы Олимпиадада он екі жылдық үзілістен соң қол жеткізген олимпиадалық медалі. Сіздің спорттық ерлігіңіз отандық спорттың даңқты жылнамасының тағы бір жарқын парағына айналады», делінген.

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Австрия ЕҚЫҰ саммитін өткізуді қолдайды» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, кеше ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Венадағы Қысқы сессиясына қатысып жатқан ҚР Парламент Сенатының төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Австрия ұлттық кеңесінің басшысы Барбара Праммермен кездескен. Кездесу барысныда екіжақты, оның ішінде екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы қатынастарды белсендіру жолдары талқыланған. «Б.Праммер өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жайында айта келіп, 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы ұсынысты қолдайтынын білдірді», деп жазады басылым.

«Бомбапанадан шыққан өрт Божконы жерге қаратты». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарияланған мақала Үкіметтің кешегі отырысына арналған. Онда Астанадағы бомбапанада болған өрттің салдарынан үш азаматтың қаза болғандығы, Үкімет басшысының олардың туған-туыстарына көңіл айтқандығы жайында жазылған. Қайғылы хабармен басталған Үкімет отырысы жайында басылымның бүгінгі санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Айқын» газетінің де назарына іліккен Үкіметтің кешегі отырысы жайында кеңінен жазылған мақала «Ұлттық ұстанымнан табан аудармауға тырысады» деген тақырыппен жарияланды. «Жалпы, одақтастарымыз саналатын қос славян жұрты жағынан Қазақ елін кінәлаған сыпсың сөздер соңғы кезде көп естіліп кетті. Осыларға мойыды ма, кеше К.Мәсімов келесі аптада еліміздің оңтүстік шегараларын тас бекіту ісін қаржыландыру мәселелеріне арнап, Үкіметте жеке кеңес шақыруға нұсқау берді. «Тиісті дәрежеде шегарамызды күзетуге және кедендік рәсімдеуді қамтамасыз етуге тиіспіз. Әйтпесе, Кедендік одаққа мүше елдерде «сұр», заңсыз импорт біздің шекарамыз арқылы өтіп кетіп жатқандығы жөнінде әңгіме айтылуда» деп түйді Үкімет басшысы», деп жазады басылым.

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық Палатаның кешегі отырысына арналған көлемді мақала «Дьяченко қазақша сөйледі, Досқалиев кешігіп келді...» деген «Айқын» газетінің сенбілік санында басылды. Басылымның жазуынша, Елбасының биылғы Жолдауы талқы таразысына салынған жиында мемлекеттік тілдің мерейін асырып, мәртебесін тасытуды құп көрген Палата төрағасы С.Дьяченконың үні қазақ тілінде шыққан. «Төрағадан кейін мемлекеттік тілде сөйлегенді әдепсіздік деп ұққан орынбасар М.Нәрікбаев ресми тілде Үкіметті «сойып» салды. Палата мүшесі О.Сәбден «Қазақстанда ақша жетеді!» деп дүңк еткізсе, оның әріптесі М.Елеусізов «...Мұны мен Елбасының өзіне де айттым» деп әлдененің шетін шығарды. А.Жағанова «Миллиондарға Бритни Спирс секілді ... өй, жаман сөз айтқым келді» деп жиналғандарды қыран-топан қылса, соңғы кезде басынан бұлт арылмай жүрген Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев отырысқа кешігіп келді», деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов. «Мен үшін халқымның бас амандығы бәрінен жоғары» деген тақырыппен жарық көрген екеуара әңгіме барысында ақын басылым тісінің сауалдарына тұщымды жауап берген. Сұхбат барысында ақын «Менің пайымдауымша, әзірге қазақстандық болмыс ақиқатын, оның ішінде билік қызметін бағалау, болжау және халықтың болашақ жоспары жайлы пікірлер басқа мемлекеттердегі жағдайларды ескере отырып жасалғаны дұрыс. Әсіресе, өткен тарихымыздың бірлігі бойынша да өзімізге етене жақын ТМД республикаларымен салыстырсақ қателеспейміз», деп өз ойын білдіре кеткен.

«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында ақпанның 17-інде таңертең елордадағы бомбапанада болған өрт жайында кеңінен жазылып, қаза тапқан үш азаматтың өмірбаяндарын қоса жарияланған. Сонымен қатар қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов осы басылым арқылы аталған азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтқан.

Ал «Вечерняя Астана» газетінің жазуынша, бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, онда қаза тапқан азаматтардың отбасына материалдық көмек көрсету мәселе қаралмақ.

Осы басылымның дәстүрлі «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында Астана әкімінің елорда тұрғындарының қойған сауалдарына берген жауабы жарияланды.

Елена Хрустальева Ванкуверде өтіп жатқан қыс олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Осы жағымды жаңалық бүгін жарық көрген мерзімді басылымдардың бәрлығында дерлік жарияланды.

«Спортшының күмісі Ванкувердегі алғашы жүлде ғана емес, сонымен бірге қазақстандық биатлон тарихындағы алғашы медаль», деп атап өткен «Казахстанская правда» газеті. Ел спортшысының жетістігі жайында «Алаш айнасы», «Айқын», «Астана ақшамы», «Егемен Қазақстан», «Экспресс», «Экспресс-К», «Литер», «Время», «Вечерняя Астана» басылымдарынан да егжей-тегжейлі оқи аласыздар.