Австрия Италиямен шекарадағы бақылауды күшейтпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Австрия Италиямен арадағы шекарасын қабырғамен қоршамақ. Бұл туралы Тироль провинциясының басшысы Хельмут Томак мәлімдеді, деп жазады «ВВС» агенттігі.

400 метрлік дуал Австрияның Тироль аймағын италиялық Оңтүстік Тироль провинциясынан бөліп отырған Альпі тауларындағы Бреннер асуында салынуы мүмкін.

Томактың айтуынша, дуалдың салыну-салынбауы Италияның Австриямен арасындағы келісімге байланысты болып отыр. Биік қабырға елге келетін мигранттар ағынын ұстап тұруға көмектесуі тиіс. Бұл - Австрияның елде шекаралық бақылауды енгізуге жасаған қадамы. Сонымен қатар, Австрия шекарадан өтетін жеке көліктерді, жүк көліктері мен пойыздарды тексеруді қолға алмақ.

Италия саясаткері Маттео Ренци Бреннерді жабу ЕО-ның ішкі ережелерін бұзу деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім біріккен Еуропаның болашағына қауіп төндіреді.
Италия үшін шекаралық бақылаудың енгізілуі күрделі соққы болмақ, себебі бұл - Альпіде көліктер ең көп жүретін жол. Италия ол арқылы өзінің негізгі сауда серіктесі Германиямен қатынасып отыр.