Австрияда дауыс беру басталғаннан кейінгі алғашқы сағаттың ішінде сайлаушылардың 90 пайызы дауыс берді

ВЕНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - Қазақстанның Австриядағы елшілігінде ашылған №118-ші сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша сағат 11.00-лерге сайлаушылардың 90 пайызы келіп дауыс берді.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстанның Австриядағы елшілігінің кеңесші-елшісі Алтай Әбиболлаев хабарлады.

Австрияда қазақстандық 150 сайлаушы тіркелген, олардың қатарында халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, зиялы қауым, ғылыми қоғамдастық, бизнес өкілдері және студент жастар бар.

Шетелдерде дауыс беру күні, туған жерден жырақта жүрген біздің азаматтарымыз үшін мерекелік оқиға болып табылады. Бұл күн олар үшін тек саяси еріктерін білдіретін күн ғана емес, сонымен бірге отандастарымыз кездесудің, соңғы жаңалықтарды талқылаудың және демалыс күндерін жерлестерінің ортасында өткізудің тамаша мүмкіндігі.

Венада бүгін ауа райы да жылы. Әдетте жауын-шашынды Венаның аспаны бүгін, 3 сәуір күні ашық, ауа температурасы 22 градус.

Бүгін дипломаттардың күшімен Венада дауыс беруге келген сайлаушылар үшін Наурыз мейрамының құрметіне мерекелік дастархан жайылып отыр.