Жеңіс күніне орайластырылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі Австрияның Линц қаласының маңында, Дунай алқабында орналасқан бұрынғы «Маутхаузен» концлагерінің аумағында өтті. Бұл рәсімге Австрияда тіркелген ТМД елдері өкілдіктерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ антифашистік коалиция мемлекеттерінің елшілері қатысты.
«Ескерткіш тақтаның, фашизмге қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан ата-бабаларымыздың ешқашан ұмытылмайтындығының жарқын үлгілерінің бірі болатындығына сенеміз. Өз өмірлерін Жеңіс жолында пида еткен азаматтардың рухына ризамыз», - деп атап көрсетті Қазақстанның Австриядағы елшісі Ержан Қазыханов өз сөзінде.
Дипломатиялық миссия басшысы сондай-ақ, мемориалдық тақтаны орнатуда қолдау көрсеткені үшін Австрия тарапына алғыс білдірді.