Австрияда полиция тікұшағы апатқа ұшырады

ВЕНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - Сәрсенбі, 30 наурыз күні Австрияның Инсбрук қаласынан 30 шақырымдай жерде Австрия Ішкі істер министрлігінің тікұшағы апатқа ұшырады.

Оның бортында экипаж мүшелерімен қоса жолаушылар да болған, деп мәлім етті сәрсенбі күні Тироль федералдық жерінің баспасөз қызметі.

Экипаж таулы аумақта штаттық жаттығу амалдарын орындап жүрген кезде Ахензее көлінің үстінде апатқа ұшыраған. Оқиға салдарынан бір адам қаза тапқан, қалған адамдардың тағдыры әзірге белгісіз.

Көлдің тереңдігі 80 метрге дейін жететін көрінеді. Тікұшақ құлаған жерде қазір құтқарушылар бригадасы жұмыс істеуде. Апаттың себебі анықталуда. Тікұшақ бортында екі экипаж мүшесінен басқа Австрия мен Швейцарияның екі полиция қызметкері болғаны хабарлануда.